Жаңалықтар

1 сәуір 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевты қабылдады.

Ж.Түймебаев 2005-2010 жылдарға арналған білім беруді дамытудың, 2008-2012 жылдарға арналған кәсіптік және техникалық білім беруді дамытудың, 2007-2012 жылдарға арналған ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру барысы туралы баяндады.

ЮНЕСКО-ның білім беруді дамыту индексі бойынша Қазақстан 2009 жылы әлемнің 129 елі ішінен бірінші орынды иеленді. Елбасының тапсырмасы бойынша мемлекеттік қолдау аясында Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының студенттеріне қосымша 11,5 мың білім беру гранттары бөлінді. Екі жылда еліміздегі 3080 мектепте интерактивтік жабдықтар орнатылды, орта оқу орындарының 31 пайызы кеңжолақты Интернетпен қамтылды.


Жоғары білім сапасын арттыру және жоғары оқу орындары желісін оңтайландыру мақсатында 174 ЖОО-ның 32-сі қысқартылды және барлық 76 филиал таратылды.


Әңгіме барысында сондай-ақ орта білім берудің 12 жылдық оқыту циклына көшу мүмкіндігі туралы мәселе көтерілді.


- Алдыңғы қатарлы шет елдердің тәжірибесін тағы бір зерделеп, нақты шешім қабылдаңыздар, - деді Н.Назарбаев.


Мемлекет басшысы кәсіптік-техникалық бағыттағы оқу орындарын кеңейту қажеттігіне айрықша назар аударды. Әлемдік қаржы дағдарысы өрістеп отырған жағдайда Қазақстан әртүрлі саланың жұмысшы мамандарын даярлауды ұлғайтуы қажет.


Н.Назарбаев 100 мектеп құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру, дарынды балаларға арналған 20 мектеп ашу барысы туралы егжей-тегжейлі сұрап білді. Министрліктің мәліметтері бойынша, 2008 жылы 46 мектеп салынған.


- Биыл қалған мектептердің құрылысын аяқтау қажет, - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.


Кездесу кезінде сондай-ақ 2020 жылға дейін білім мен ғылым саласын дамытудың, соның ішінде бәсекеге қабілетті адам ресурстарын қалыптастырудың перспективалық бағыттары қаралды.


Президент білім беру және ғылым жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ қазақстандық білім беру жүйесін әлемдік білім кеңістігіне ықпалдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар