Жаңалықтар

18 мамыр 2016
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова «Исаакий соборы» Мемлекеттік ескерткіш-музейінің директоры, Ресей Федерациясының халық әртісі Николай Буровпен кездесті
 

Кездесуге ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы М.Қасымбеков, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мұражайының директоры А.Сағынғали қатысты.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығына зор мән беретінін атап өтті. Г.Әбдіқалықова Тұңғыш Президент мұражайы мен «Исаакий соборы» ескерткіш-музейінің халықты, ең әуелі өскелең ұрпақты тарихи және рухани тәрбиелеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру ісіндегі табысты серіктестігіне жоғары баға берді.

2015 жылы Санкт-Петербургте өткен, Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей көшбасшылығымен  қол жеткізілген Қазақстанның жетістіктерін паш етуге бағытталған «Қазақстан жолы» атты көшпелі көрме тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болып саналады. Рухани-мәдени саладағы жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан мен Ресейдің азаматтыққа және патриотизмге, ғасырлар бойы қалыптасқан тату көршілік пен одақтастық дәстүрге негізделген стратегиялық серіктестік қағидаттарына адалдық рухында тәрбиелеу ісіндегі басымдықтары жан-жақты кеңейе түседі және тереңдей береді.  

Г.Әбдіқалықова бірлескен жобаларды алдағы уақытта музейлер арасындағы ынтымақтастық пен кең ауқымды қоғамдық диалог негізінде жүзеге асыру мәдени мұраны насихаттауға, полиэтникалық қоғамдарымыздағы азаматтық сананы тәрбиелеуге септесетініне сенім білдірді.

Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы «Исаакий соборы» Мемлекеттік ескерткіш-музейінің директоры Н.Буровқа Қазақстан-Ресей мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту және дамыту жолында табыс тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар